| Соңғы уақыттары елімізде Қытайда жүрілген көліктері көбейді. Аудиториясы бар блогерлер қолжетімді бағасын айтып, су жаңа көлікті мақтап жаппай жарнамасын жасап жатыр. Әсіресе, әдеттегіден бағасы арзан электрокарлар елдің ерекше назарын аудармай қоймады. Халықта "енді ғана нарыққа енген бұл көліктердің болашағы қандай?" деген күпті сауал да жоқ емес. Кемшілігі мен артықшылығы қандай? |
Жауабын Tesla модельінің Қытайлық нұсқасын мініп жүрген кәсіпкер, блогер Алишер Теменовтен сұрап білдік, деп жазады Caravan.kz медиа-порталы.
- Көлікті қалай, қаншаға алдыңыз?
Қытайдың ішінде жүрілген көлік. Автосалоннан мамыр айында ғана шыққан. Қытайдан көлік әкеліп сататын компания арқылы алдым. Алғашында қаражаттың 30 пайызы төленді. Сонымен, көлік менің атыма аударылып, Қорғасқа қарай жол жүрді. Қалған 70 пайыз қаражатын дайындап отыруым керек болды. Шекарада тексерістен өтіп, Алматыға қарай жіберілмей тұрып, қалған соманы төлеуім тиіс. Ішкі Қытайдан Қорғасқа дейін 1 апта, Қорғаста 1 жарым-2 аптаның төңірегінде болды. Одан Алматыға 2 күнде келді.
Қазақстанда бұл көлікті 22-29 миллионның арасында сатылып жатса, мен Қытайдан барлық келу шығынымен бірге 15,5 миллионға алдым.
- Артықшылықтарына тоқталып өтсеңіз?
Утильсбор жоқ. Жылдық салық төлемейміз.
Батырмалар саны өте аз. Отырасың, газды басасың, жүре бересің. Банк карточкасы сияқты карточкасы бар. Соны көлікке тигізсек ашылып, құлттанады. Көлік жүргізер кезде де соны тигізу арқылы қосамыз.
Көлік тып-тыныш. Мінген адам құсқа, ұшаққа теңеп жатады.
Автопилот режимін қосу арқылы көлікті басқармай ақ, тіпті, адамсыз ақ діттеген жерге жеткізуге болады. Бірақ, бұл Алматыда қолайсыздау. Өз басым олай тәуекел етуге қорқамын.
Өте қауіпсіз. Көлік аударылып кетсе де, мысық секілді төрт дөңгелегімен түседі. Алдыңғы капотта ештеңе жоқ. Бүкіл механизм көліктің астыңғы жағында. Қауіпсіздік белбеуін тақпасаң да көлік сезіп, сигналын береді. Көлік иесі мас күйінде отырса, көлік жүрмей қояды.
- Кемшілігі қандай?
Tesla-ны Қазақстанда айдау тиімсіз, кемшілігі көп. Кемшілігі қуаттау жағында. Түнімен қуаттауға сауда орталығына қалдырып, таңертең ерте алып кетемін. Қазақстанға осы жылдан бастап қана қарқынды электрокарлар кіріп жатыр. Мүмкін, алдағы уақытта қуаттау станциялары көбейетін шығар. Ал қазірге саны аз. Кейбір сауда орталықтарында ғана бар. Және өте ұзақ уақыт қуаттайтын станциялар. Қытайда қуаттау станциялары тегін. Тіпті әр тұрғын үй кешенінің автотұрағында бар. Олар экологиясы үшін электрокарларды көбейткісі келеді. Тағы бір кемшілігі қысқы уақытта жүру ыңғайсыз. Өйткені, бұл көлік шығарылар кезде жылы аймақтар, елдер ғана ескерілген, қыс айларына төтеп бере алу жағы қарастырылмаған деп ойлаймын. Аккумляторы жерге жақын. Мұзға, суыққа төтеп беру жағы әзірге белгісіз. Телефон да суық жерге барғанда қатып өшіп қалады ғой. Сол сияқты Тесла да өшіп қала ма деп отырмын. Қыста көре жатармыз. Мүмкін, көлік ауыстырармын. Қатты кедергі де болмауы мүмкін. Оны уақытысында көре жатармыз. Тек қыста қаланың сыртына, алыс жол жүруге шыға алмайтыным анық.
- Қалай қуаттап жүрсіз?
100 пайыз заряд 437 шақырымға жетеді. Кейде 1 күнге, кейде 2-3 күнге жетеді.
Зарядтау құрылғысына жалғау құрылғысын (переходник) алдым. Себебі, Қазақстанда еуропалық Теслаға ғана арналған станциялар көп. Қытайдыкіне аз. Жалғау құрылғысының бағасы 40 000 теңге болды.
Заряд толық толу үшін 7-8 сағат қажет. Тез зарядтауға да болады негізі. Бірақ Қазақстандағы станциялардың зарядтау құрылғысы сәйкес келмейді. Переходниктері әлі Қытайдан келмей жатыр. Ол болса 40 минутта зарядтауға болар еді.
Толық зарядқа 2500 теңге төлейміз.
Тесла көлігі бар адамдардың арнайы чаты бар. Көлікке қажет дүниелерді сол жерден сұрап, біліп, бір құрылғы қажет болса тауып та аламыз.